Абай облысы қалай дамып жатыр: Берік Уәли Орталық коммуникациялар қызметінде алдағы жоспарлар туралы баяндады

Абай облысы қалай дамып жатыр: Берік Уәли Орталық коммуникациялар қызметінде алдағы жоспарлар туралы баяндады

Аймақ басшысы Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында баяндама жасады. Өңірдің инфрақұрылымын жаңғыртуға, экономикалық өсімді арттыруға бағытталған стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалар туралы айтты.

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Абай облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң қарқынмен сақталды. Көлік саласында – 123,4%, байланыста – 106,4%, өңдеу өнеркәсібінде – 101,3%, ішкі саудада – 105,9%, ауыл шаруашылығында – 102,8%, инвестиция тарту бойынша – 103,1% өсім байқалды. Тұрғын үй құрылысы саласында 159,9 мың шаршы метр жаңа баспана пайдалануға берілді.

Мемлекеттік бюджетке облыстан 441,4 млрд теңге салық пен міндетті төлемдер түсті. Оның ішінде республикалық бюджетке – 316,7 млрд, жергілікті бюджетке – 124,7 млрд теңге. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 137,3% өсім.

Абай облысы құрылған сәтте бюджеттің жалпы көлемі 251,3 млрд теңге болса, бүгінде Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында бұл көрсеткіш 2 есе өсіп, 500,9 млрд теңгеге жетті.

Инвестиция саласында да серпін бар. Жыл басынан бері өңірде іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың саны 29-дан 97-ге дейін артты. Тартылған инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Облыс әкімі жыл басынан бері 100-ден астам шетелдік инвестормен кездесу өткізді. «Үлкен Алтай» халықаралық конференциясы аясында Қытайдың ірі компанияларымен 1,5 млрд АҚШ долларына 15 меморандумға қол қойылды.

Ауыл шаруашылығы саласында 9 айдың қорытындысы бойынша 339,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Су саласында 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында 6 су қоймасы салынып, 10 гидротехникалық нысан мен 17 ирригациялық жүйе жаңартылмақ.

Абай облысының Жаңасемей ауданында «ЕвразияАгроСемей» ЖШС базасында ет өнімдерін экспорттауға мүмкіндік беретін 7,7 млрд теңгеге қуаттылығы жылына 11,4 мың тонна шығарылатын ет комбинаты жобасы іске асырылып жатыр. Кәсіпорын 2026 жылдың тамыз айында іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Абай облысындағы ең өзекті мәселелердің бірі – халықты жылумен қамтамасыз ету. Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында биыл бұл мақсатқа 11,8 млрд. теңге бөлінді. Аталған қаражатқа Семей қаласын жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 12 жылу көзі жаңғыртылып, 13,6 шақырым жылу желілері ауыстырылды. Аягөз қаласындағы «Орталық» қазандығында әрқайсының қуаты 10 Гкал/сағат болатын үш қазандық орнатылды.

Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес Абай облысында 33 жоба іске асырылуда. Семей қаласында төрт жолақты жаңа көпір салу жобасы іске асуда. Жергілікті жолдарды жөндеуге биыл 21,4 млрд. теңге қарастырылды, бұл қаражатқа 358,8 шақырым жол жөндеуден өтеді. Оның ішінде Семей қаласының 52 көшесінде орташа жөндеу, 40 аулада аумақтарды асфальттау жұмыстары жүргізілді.

Президенттің көлік дәлізін кеңейту және өңіраралық логистикалық әлеуетті арттыру тапсырмасына сәйкес ұзындығы 297,5 шақырым болатын «Бақты-Аягөз» темір жолының құрылысы басталды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста биыл 4 мектеп ашылды. Қазіргі таңда Семей қаласындағы Шығыс кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жалғасуда. 2024 жылы өңір бойынша 62 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны пайдалануға берілді. Биыл Ақсуат ауданының Қожагелді және Аққала ауылдарында жаңа медициналық пункттер салынды.

Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің әр өңірі облысымызға бір нысаннан салмақ. Президент тапсырмасына сәйкес облыста туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыру жалғасады. Мақаншы ауданы аумағында орналасқан Алакөл жағалауының жаңа бас жоспары әзірленіп жатыр.

Облыс әкімі брифингте 50-ге жуық БАҚ өкілінің тарапынан қойылған сұрақтарға жан жақты жауап берді.