Семейде дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды

Семейде дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды

Ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионаты
«Арена» спорт кешенінде 10-13 қараша аралығында өтеді. Жарыста еліміздің барлық өңірлерінен жиналған 569 спортшы14 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды.

Чемпионаттың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Тимур Болат, 2024 жылғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Елдос Сметов қатысты.

Сайыстың ашылуында сөз сөйлеген аймақ басшысы спортшыларға сәттілік тілеп, чемпионаттың Семей қаласында өтуі өңір спортының дамуына серпін беретінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Көкшетауда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында сөйлеген сөзінде «Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі» деп айрықша атап көрсеткен болатын. Абай елі, Семей жері – тұңғыштар мекені ғана емес, спорттың да игі дәстүрі мен даңғыл жолы қалыптасқан аймақ. Дзюдодан Қазақстан чемпионаты еліміз Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде облымызда алғаш рет өтіп отыр. Бұл өңіріміздің спортының дамуына үлкен септігін тигізеді деп ойлаймыз. Жуырда ғана бокс чемпионаты өтті. Мұндай деңгейдегі сайыстарды қабылдау біз үшін әрі құрмет, әрі үлкен міндет. Бұл чемпионат спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, қала тұрғындары мен жас буын өкілдеріне спорт мәдениетін насихаттауға үлкен мүмкіндік береді», – деді аймақ басшысы.

Олимпиада чемпионы Елдос Сметов спортшыларға жылы лебізін білдірді.

«Чемпионаттың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқан облыс басшылығына, спорт саласының өкілдеріне және барша жанашыр азаматтарға зор алғысымды білдіремін. Болашақта еліміздің атын асқақтатып, Олимпиада ойындарында көк туымызды биікте желбірететін спортшылар өсіп шығатынына кәміл сенемін. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін!», - деді ол.

Облыста дзюдо спорты жақсы дамып келеді. Биыл Джакартада өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жерлестеріміз Фархат Зейнолла алтын, Аяжан Ринатқызы қола жүлдеге ие болды. Ақтөбеде өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында облыс құрамасы екі алтын, үш күміс, екі қола алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды.

Облыстағы 26 спорт мекемесінде барлығы 14 мыңнан аса спортшы жаттығады. Әртүрлі спорт түрлері бойынша 2025 жылы Абай облысының 451 спортшысы Қазақстан Республикасының құрама командасына енді. Жыл басынан бері спортшыларымыз республикалық жарыстарда 1662 медаль, халықаралық жарыстарда 286 медаль иеленді. Қазіргі таңда облыста 20 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде.