Мемлекеттік жастар саясаты мен өңірде бұқаралық спорт түрлерін дамыту мәселесі қаралды

Мемлекеттік жастар саясаты мен өңірде бұқаралық спорт түрлерін дамыту мәселесі қаралды

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар және өңірде бұқаралық спорт түрлерін дамыту мәселесі талқыланды. Бұл туралы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаев және дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақыт Бекбосынов баяндады.

Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, облыста 150 мыңнан астам жас тұрады. Олардың үштен екісі қалада өмір сүреді. Өңірдегі жоғары оқу орнында 20 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Биылғы жыл басынан бері 7 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, 61 жас кәсіпкер «Бастау Бизнес» жобасы аясында өз ісін бастауға 400 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде грант алды.

Облыста 10-нан астам жастар ұйымы қызмет атқарады, олардың ішінде 2-уі республикалық мәртебеге ие. Жастар денсаулығын қорғау бағытында 4 жастар денсаулық орталығы қызмет етеді.

«Жасыл ел» жобасы аясында 1000 жас маусымдық жұмысқа тартылған. 2024 жылы 70 жуық жас отбасы «Абай жастары» және «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» өңірлік бағдарламалары арқылы баспаналы болды.

Жастар ресурстық орталықтарының жұмысын күшейту мақсатында өңірде 13 орталық қызмет етеді. Дегенмен, кейбір аудандарда кадр тапшылығы мен материалдық базаның ескіруі байқалады. Осыған байланысты жастармен жұмыс сапасын арттыру, орталықтардың материалдық-техникалық жабдықталуын жақсарту және қызметкерлердің жалақысын көтеру жоспарланып отыр.

Аймақ басшысы жиында салаға жауапты орынбасары Мейірлан Раханов пен жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаевқа жастар саясатын тиімді іске асыруға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді. Облыстан басқа өңірлерге қоныс аударған жастардың кету себептеріне талдау жүргізуді, жастарды тұрғын үймен қамту тетіктерін әзірлеуді, шалғай ауыл жастары үшін ресурстық орталықтардың қолжетімділігін арттыруды, жастар арасындағы суицид, наркомания және лудоманияның алдын алу шараларын күшейтуді жүктеді.

«Мемлекет басшысы жастар саясатына үлкен көңіл бөлетіні бәрімізге мәлім. Облыс жастарын қолдау бағытында менің алғашқы қабылдаған шешімдерімнің бірі – 2025 жылғы 23 сәуірде Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманы құру. Мұндай басқарма еліміздің 20 өңірінің тек 8-де бар. Жалпы жастар саясаты басқармасының басты мақсаты – жастардың идеясы мен бастамаларына жан-жақты қолдау білдіру, оларды қоғамдық өмірдің алғы шебіне шығару», - деді аймақ басшысы.

Облыста бұқаралық және кәсіби спортты дамыту бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта өңірде спорттың 72 түрі дамып келеді. 26 спорт мекемесінде 14 700-ден астам спортшы жаттығады. 451 спортшы Қазақстанның ұлттық құрамасына енген. 2025 жылы облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 1590 медаль жеңіп алған.

Аймақ басшысы жиында дене шынықтыру және спорт басқармасына бірқатар нақты тапсырма берді. Бұқаралық спортты дамытудың жаңа форматын әзірлеуді, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен бірлесіп инклюзивті спортты дамыту жоспарын дайындауды жүктеді.

«Президентіміз биылғы Жолдауында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға және егде жастағы адамдарға арналған спорт клубтарының ашылғанын және кәсіби спорт саласында оң өзгерістер болып жатқанын атап өткен болатын. Осыған орай біздер жалған есептік ақпараттардан нақты көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында жұмыс жасауымыз қажет. Әсіресе Олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға басымдық беру керек. Осы мақсатта тәжірибелі және білікті жаттықтырушыларды тартып, олардың жұмысына лайықты жағдай жасау маңызды», - деді облыс әкімі.