Абай облысында ірі ет комбинатының құрылысы қарқынды жүргізілуде

Абай облысында ірі ет комбинатының құрылысы қарқынды жүргізілуде

Жоба аясында Жаңасемей ауданында қуаттылығы жылына 11 400 тонна ет және ет өнімдерін терең өңдейтін заманауи ет комбинаты салынуда. Бұл өндіріс ошағында консервіленген өнімдер, шұжық түрлері, жартылай фабрикаттар мен ет деликатестері шығарылатын болады.

Ағайынды Сайлау және Ерлан Мұқашевтер жетекшілік ететін «Eurasia Agro Semey» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба өңірдің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібін дамытуға тың серпін бермек. Жобаның жалпы құны – 7,7 млрд теңге.

Жобаны іске асырушы мердігер компания өкілі құрылыс барысы бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Ет комбинаты бір ауысымда 70 бас ірі қара және 700 бас ұсақ мал союға қауқарлы болады. Кәсіпорын құрамында бір ауысымда 3 тонна шұжық және 5 тонна консерв өнімдерін өндіретін цехтардың құрылысы да қарастырылған. Биылғы жылдың соңына дейін ғимараттың қаңқасын толық аяқтап, төбесін жауып, қабырғаларын сэндвич-панельмен қаптау жоспарланып отыр. Ал зауытты 2026 жылдың тамыз айында толық іске қосу көзделген», – деді бас мердігер, «ADK Group» ЖШС директоры Сағындық Сатыбалды.

Айта кетейік, биылғы маусым айында облыс әкімі Берік Уәлидің  бастамасымен «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы ұйымдастырылып, өңірден шыққан кәсіпкерлерді аймаққа қолдау көрсетуге шақырған болатын. Ағайынды Мұқашевтер сол кезде игі бастамаға алғаш болып ынта білдіріп, туған өлкеге инвестиция салуға дайын екенін жеткізген еді.