Қызылордада «Абай айтқан «Еңлік-Кебек» спектаклі сахналанды

Қызылордада «Абай айтқан «Еңлік-Кебек» спектаклі сахналанды

Абай облысының Қызылорда қаласындағы мәдениет күндері аясында Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры Қызылордадағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалы драма театрында көрермендерге өзінің үздік туындысын ұсынды.

Бұл театр биыл Талдықорған қаласында өткен «БИКЕН FEST», Бикен Римова атындағы III халықаралық театр фестивалінде «Абай айтқан  «Еңлік-Кебек» спектаклімен бас жүлдені иеленген болатын. Спектакльді облыс әкімі Берік Уәли, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері тамашалады.

Көркемдік деңгейі жоғары бұл қойылым Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов және Мағауия Абайұлының әдеби мұраларына негізделе отырып сахналанды. Ұлттық театр өнеріндегі ерекше із қалдырған туынды көрермен жүрегіне жол тауып, сыншылар тарапынан жоғары бағасын алды. Спектакльдің режиссері — Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» Жұлдызбек Жұманбай. Ол қойылымда заманауи режиссура мен дәстүрлі сахналық тәсілдерді шебер ұштастыра отырып, ұлттық рух пен тарихи болмысты терең жеткізе білді.

Басты кейіпкерлерді сомдаған талантты әртістер: Еңлік рөлінде – Еркеназ Қуанышқызы, Кебек рөлінде – Расул Семейғазы, баяндаушы – Азамат Нұрғамыс. Ұлтымыздың тарихында ерекше орны бар Еңлік – Кебек тағдыры арқылы елдік, бірлік, адамгершілік, махаббат секілді мәңгілік құндылықтар көркем бейнеде көрініс тапты.

Айта кетейік, Қызылорда қаласына аймақ басшысы Берік Уәли бастаған жүзден астам адамнан құралған делегация келді. Делегация құрамында Парламент Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев, Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай, кәсіпкер Дулат Тастекеев, аймақ ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, Абай атындағы драма театр ұжымы бар.

Биылғы қыркүйек айында Семей қаласында Қызылорда облысының мәдени күндері өтіп, Сыр бойының өнерпаздары концерт қойып, көрме ұсынған болатын.

Сондай-ақ, облыс әкімі Берік Уәли бастаған делегация мүшелері Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына, «Қазақ» атауының қайтарылғанына 100 жыл толуына және қала күніне орай Қызылорда қаласында жаңадан салынған стадионда ұйымдастырылған мерекелік шараны, дрондар шоуын тамашалады.