Қызылорда қаласына Абай облысының мәдениет күндері аясында келген аймақ басшысы Берік Уәли бастаған делегация облыс орталығындағы бірнеше мәдениет, білім нысандарының жұмысын көрді.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы жаңа нысандарды таныстырды.
Делегация өкілдері «Сыр жұлдызы» шығармашылық-инновациялық академиясына барды. Балалар мен жасөспірімдерге арналған орталық мамыр айында пайдалануға берілді. Академия бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайды. Мұнда бассейн, топтық жаттығу бөлмесі, көркем гимнастика және фитнес залы орналасқан. Сондай-ақ үстел ойындарына арналған кабинет, жекпе-жек, үстел теннисі залдары бар. Көркем-эстетикалық бағытта кескіндеме, сурет салу, резин арт бөлмесі, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, робототехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді.
Сонымен қатар «Анаға тағзым» орталығындағы ұлттық құндылықтарды дәріптейтін және ананы құрметтеуге үндейтін жобалар таныстырылды. Облыс әкімі орталыққа ана мен бала бейнеленген картинаны сыйға тартты.
Атап өтерлігі, Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында дәл осындай нысанды Қызылорда өңірі Абай облысына тарту етпек.
Делегация өкілдері бұдан кейін облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратына барды. Нысан биылғы маусымда пайдалануға берілді. Аумағы 3 мың шаршы метрден асатын ғимаратта 12 экспозициялық зал бар. Қорда 70 мыңға жуық тарихи экспонат сақталған, оның 25 120-сы түпнұсқа.
Аймақ басшысы бұл сапардың өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.