АРДАГЕР ҰСТАЗ НЕМЕРЕСІМЕН БІРГЕ ТАРИХИ МҰРАЖАЙ ЖАСАДЫ

АРДАГЕР ҰСТАЗ НЕМЕРЕСІМЕН БІРГЕ ТАРИХИ МҰРАЖАЙ ЖАСАДЫ

Үржар ауданы Абылай хан атындағы орта мектеп-бақшасының 11-сынып оқушысы Кирилл Лободин атасымен бірге үй ауласында шағын тарихи мұражай жасаған.

Кирилдің атасы Федор Алексеевич – тарих пәні мұғалімі, ардагер ұстаз. Екеуі бірнеше жылдан бері жәдігерлер жинап, төрт жыл ішінде 700-ден астам затты бір жерге топтастырған.

Мұражай қорында көне тұрмыстық бұйымдар, еңбек құралдары, ыдыстар, ескі пластинкалар мен таспалар, ат әбзелдері және қолдан жасалған көптеген құнды зат бар. Экспонаттардың басым бөлігі – ауыл тұрғындарының өз еркімен тапсырған дүниелері. Әр жәдігер белгілі бір дәуірдің тарихи-мәдени ерекшелігін танытады.

Жинақталған заттардың ішінде ең құнды жәдігерлердің бірі – XVII ғасырдың соңына тән қоңырау. Ол мұражайға сыйға берілген.

Кириллға мектептің тарих пәні мұғалімі Айгүл Төлебаева қолдау көрсетіп жүр. Қазір ол барлық жәдігерді реттеп, өлкетану бағыты бойынша ғылыми жобаға әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта мұражай аудандық көрмелерде таныстырылып, оқушы «Час краеведения» байқауына қатыспақ.

«Өлкетану жұмысы туған жер тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін білуге, дәріптеуге жол ашады. Маған әр заттың шығу тарихы өте қызықты. Сондықтан осы іспен айналысып жүргеніме мақтанамын», – дейді Кирилл.

Ал ардагер ұстаз Федор Алексеевич немересіне туған жер тарихы мен батыр тұлғалар жайлы әңгімелеп, салт-дәстүр мен қолөнерге деген қызығушылығын арттырып жүр.