Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында абаттандырылып жатқан аулаларда болды.
Аймақ басшысы облыс орталығындағы Первомайский және Достоевский көшелерінің аулаларында атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Жоба аясында жасанды жабындысы бар футбол алаңы, балалар ойын алаңы, демалыс аймақтары мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, шағын сәулет нысандары салынған. Бұл екі аула да «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандырылған 9 ауланың қатарына енген.
«Аулалардың абаттандырылуы әсіресе балаларға жақсы болды. Осы ауланың ғана емес, маңайдағы жер үйлерде тұратын бүлдіршіндер де келіп, ойнап, мәз-мейрам болып жатады. Бұл үйде 80-інші жылдардан бері тұрамын. Ауламыздың бұрынғы кейпімен қазіргі жағдайы жер мен көктей. Барша тұрғындар атынан алғыс айтамыз», – дейді қала тұрғыны Дәмежан Ғұбайдуллина.
Облыс әкімі қаланы абаттандыру бағытындағы жұмыстардың келесі жылы да жалғасатынын атап өтті.
«Құтты болсын! Игілікке пайдаланыңыздар, күтіп ұстаңыздар. Келесі жылы қаладағы бірнеше ауланы жасауды жоспарлап отырмыз» деді аймақ басшысы.
Ерекше атап өтерлігі, биыл облыс орталығында 35 ауланы абаттандыру жоспарланған. Қазіргі уақытта соның 30-ында жұмыс аяқталды.