Аймақ басшысы Мақаншы ауданының Қарабұта ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты.
Ғимарат 2013 жылы салынған. Медициналық мекемеде 13 қызметкер еңбек етеді. Қазіргі уақытта амбулаторияға 706 тұрғын тіркелген.
Дәрігерлік амбулатория халыққа алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем ұсынады. Мұнда жедел және созылмалы ауруларды анықтау мен емдеу, жарақаттар кезінде және үй жағдайында шұғыл көмек көрсету ұйымдастырылған. Сондай-ақ диспансерлік бақылау, зертханалық диагностика, алдын алу шаралары, патронаждық қызмет жүзеге асырылады. Күндізгі стационарда 3 төсек-орын қарастырылған.
Облыс әкімі Берік Уәли дәрігерлік амбулаторияны аралап, дәрігерлермен, емделушілермен пікірлесті. Ауылдың тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерін тыңдады. Тұрғындар ауыл балаларын тасуға шағын автобус керек екенін жеткізді.
«Ауылымызға алғаш рет аяқ басып, хал-жағдайымызды өз көзіңізбен көріп отырған алғашқы облыс әкімі өзіңіз екенсіз. Елдің шетінде орналасқан ауылымызға арнайы келгеніңізге, ел-жұрт бар екен деп ескеріп, көңіл бөліп жатқаныңызға алғыс білдіреміз» деді ауыл тұрғыны Мұздыбай Сейітқазы.
Аймақ басшысы дәрігерлік амбулаторияның жұмысын жоғары бағалап, елді мекенге тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.
«Шалғайдағы жұрттың жағдайын білейін, танысайын деп арнайы келдім. Мыңға жуық тұрғыны бар Қарабұта ауылы береке-бірлігі жарасқан елді мекен екен. Ауылдағы медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жаңа жабдықтар алуға көмектесеміз» деді облыс әкімі.