Мақаншы ауылында дәрігерлік амбулатория жаңғыртылып жатыр

Мақаншы ауылында дәрігерлік амбулатория жаңғыртылып жатыр

Облыс әкімі Берік Уәли Мақаншы ауылындағы қайта жаңғыртылып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысты.

Аудан орталығындағы 1991 жылдан бері құрылысы аяқталмай келген нысан жыл соңына дейін қолданысқа берілмек. Жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.

Үш қабатты ғимаратта 15 орындық күндізгі стационар, ауысымына 100 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория, зертханалық диагностика, әйелдер консультациясы, хирургия, стоматология және гинекология кабинеттері жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, ем-шара бөлмесі, тіркеу орны, күту аймақтары және басқа да қажетті кабинеттер қарастырылған.

Аймақ басшысы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысанды аралап, мердігерлерге құрылысты сапалы аяқтауды тапсырды.

«Көктемде келген кезде осы ғимараттың терезесі алқам-салқам, төбесі ашық, су аққан, тек қана төрт қабырғасы ғана болған. Бюджетті нақтылаған кезде қаржы қарастырдық. Қазір міне әдемі ғимаратқа айналып отыр. Екі айдан кейін жұмыстың барлығы аяқталады. Мақаншы аудан болып құрылғаннан бері пайдалануға берілетін жаңа әрі бірінші ғимарат болайын деп тұр. Ғимаратқа медициналық құрал жабдықтардың жартысы келді. Қалғаны жыл соңына дейін келетін болады. Жаңа ғимарат жаңа құрал жабдығымен ел игілігіне беріледі. Ескі ғимаратта отырған дәрігерлер жаңа нысанға көшіріледі. Бұл – аудан халқы үшін үлкен сыйлық болайын деп тұр», – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі осы жерде Мақаншы ауданындағы мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға арналған инватакси көлігінің кілтін салтанатты түрде табыс етті. Ерекше жандарға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында биыл облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қосымша 4 инватакси сатып алынды. Оның үшеуі бұған дейін Абай, Жаңасемей аудандары мен Курчатов қаласына берілді.