Абай облысы Жарма ауданы Қапанбұлақ ауылынан шыққан Мүсірәлімовтер әулеті – еліміздің білім беру саласына өлшеусіз үлес қосқан ұстаздар династиясы. Әулеттің 19 өкілі ұстаздық жолды жалғастырып келеді, жалпы еңбек өтілі - 334 жыл. Ұстаздық жолды бастаған Мейрамгүл Садуақасқызы Мүсірәлімова. Ол - ұрпақтарының мәртебелі мамандықты таңдағанына әрқашан қуанып, қолдау білдірген аяулы ана.
Әулеттің үлкені Әсемгүл Майтұрсынқызы С.Әлімбетов атындағы негізгі мектепте математика, физика, информатика пәндерінен сабақ беріп, оқу ісінің меңгерушісі, кейін мектеп директоры қызметін атқарды. Жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асады.
Әулеттің екінші буыны да білім беру саласында жемісті еңбек етті. Еділ Майтұрсынұлы Талғар қаласында «Аяулым» бөбекжай-балабақшасын ашқан. Балабақша 2021 жылы аудандық білім бөлімінің грамотасымен, 2023 жылы ҚР Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Гүлнұр Сайлаубекқызы елордада «Балалар академиясын» ашып, дарынды оқушыларға қосымша білім беріп келеді.
Әулет өкілдері шәкірттерге білім ғана емес, әлеуметтік қолдау да көрсетіп келеді. Мерекелерде мектеп оқушыларына теледидар, спорттық киімдер, ойыншықтар сыйлаған.
Мүсірәлімовтер білім беру саласына ғылыми-әдістемелік үлес те қосты. Серғазы Майтұрсынұлы – «Тоғызқұмалақ ұлттық ойынын оқушыларға үйретудің тиімді тәсілдері» әдістемелік құралының авторы. Сайрамгүл Майтұрсынқызы – «Қызықты математика» бағдарламасын әзірледі. Данеш Сылдырбайқызы «Физика пәнінде күрделі есептерді шығару әдістемесі» құралын шығарды.
Әулет ұстаздары еңбектері үшін ҚР Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұл қатарда Серғазы Майтұрсынұлы, Данеш Сылдырбайқызы, Сайрамгүл Майтұрсынқызы және Сабит Майтұрсынұлы бар. Сонымен бірге Толқын Қайсарқызы мен Жұмагүл Мұхтарханқызы облыс және республика көлемінде тәжірибесін бөлісіп жүрген білікті мамандар ретінде танымал.
Әулеттен шыққан Серғазыұлы Қайырғазы – шахмат ойыны бойынша республикалық төрешілер алқасының мүшесі. Ол Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы жарыстарда төрешілік жасап, шәкірттері шахматтан республикалық деңгейдегі жеңістерге жеткен.
Үшінші буын да ұстаздық дәстүрді жалғастырып келеді. Немерелері Аяулым – бастауыш сынып мұғалімі, Нұрай – орыс тілі пәні мұғалімі ретінде еңбек жолын бастаса, Диана мен Нұрдәулет жоғары және арнаулы оқу орындарында педагог мамандығын меңгеріп жүр.
Қазіргі таңда Мүсірәлімовтер әулетінің жалпы педагогикалық еңбек өтілі – 334 жыл. Бұл – бірнеше буын бойы білім саласына адал қызмет етіп келе жатқан әулеттің еңбегіне берілген әділ баға.