Көкпекті ауданындағы білім нысандарын аралады

Көкпекті ауданындағы білім нысандарын аралады

Облыс әкімі Берік Уәли Көкпекті ауылындағы Жақия Шайжүнісов атындағы орта мектебіне барды.

Білім ордасы 1989 жылы салынған. Бүгінде мұнда 427 оқушы білім алады, 55 мұғалім қызмет етеді. Мектеп былтыр «Қазақстан халқына» қорының көмегімен «Ауылды жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен. 27 кабинет толық жаңартылып, заманауи білім беру технологияларымен жабдықталған.

Мектептегі 55 мұғалімнің 13-і – білім ордасының түлектері. Соның бірі – математика пәнінің мұғалімі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұрлан Құмарбекұлы. Бүгінде туған жеріне оралып, алған білімін жас ұрпақ тәрбиесіне арнап отыр.

Аймақ басшысы мектептің оқу бөлмелерін, кітапханасын, музейін, телестудияны аралап көріп, білім ордасында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.

«Мектептің бөлмелері заманауи талаптарға сай жабдықталған. Білім ордасында оқушыларға жаңа мамандықтар оқытып, үйретіп жатыр екенсіздер. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Мектепке жаңа автобустың қажет екенін білемін. Бүгінгі тұрғындармен кездесуде де айтылды. Автобус мәселесі жақын арада шешімін табады», – деді облыс әкімі.

Ауыл тұрғындары жаңарған білім ордасы оқушыларға сапалы білім беріп жатқанын айтты.

«Өзім ардагер ұстазбын. Осы мектепте ұлдарым да, немерелерім де оқыды. Қазіргі таңда ауданымызға үлкен көңіл бөлініп жатыр. Тұрғындар атынан ризашылығымды білдіремін. 1989 жылы салынған мектеп бүгінгі күні адам танымастай өзгерген. Өте қуаныштымыз», – деді ауыл тұрғыны Ерзат Қилыбаев.

Аймақ басшысы аудан орталығындағы «Көкпекті Толағайы» балабақшасында болды. Ғимарат 1965 жылы салынған. Балабақша 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мекемеде 33 адам қызмет етеді, 95 бала тәрбиеленеді. Барлығы 5 топ бар. Соңғы рет 2024 жылы қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізілген. Қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған.

Облыс әкімі мекеме ұжымымен кездесіп, балалардың өнерін тамашалады.

«Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту – басты міндеттеріміздің бірі. «Көкпекті Толағайы» балабақшасында балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуі үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Бұл бағыттағы қолдау шаралары жалғасатын болады», – деді аймақ басшысы.