Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды. Бұл туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Роза Құдайбергенқызы мен Қаржы басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Думанқызы баяндады.
Биылғы жылдың 7 айында әлеуметтік-экономикалық дамудың 12 көрсеткішінің 8-і бойынша өсім бар. Өнеркәсіп өнімінің облыс экономикасындағы үлесі – 40%. Бұл салада 17 ірі, 23 орта және 260 шағын кәсіпорын жұмыс істейді.
Жыл басынан бері 1,5 трлн.теңгеге өнім өндірілді, былтырғы жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда ақшалай түрде 373,6 млрд теңгеге артық. Ауыл шаруашылығында 164,7 млрд теңгеге өнім өндірілді, 2024 жылмен салыстырғанда 104,2%-ға өсті. Барлық аудандарда өсім қамтамасыз етілді.
Жиында тау-кен өнеркәсібі, өңдеу өнеркәсібі, жеке инвестиция тарту, тұрғын үйді пайдалануға беру салаларында көрсеткіштердің төмендегені атап өтілді.
Аймақ басшысы облыстың даму жоспарының негізгі нысаналы индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз етуді, биыл іске қосу көзделген инвестициялық жобаларды ерекше бақылауға алып, олардың жоспарлы қуатына шығу бойынша тиісті шаралар қабылдауды, бюджет қаражатын толық игеруді тапсырды.
Жиында Абай облысында ауыл шаруашылығы санағын өткізуге дайындық барысы да қаралды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Берік Терлікбаев баяндады.
Елімізде 1 тамыздан 20 қазанға дейінгі аралықта Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Санақ екі кезеңнен тұрады: 1-31 тамыз аралығында онлайн, 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін офлайн жүргізіледі. Санаққа ауыл шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар мен олардың бөлімшелері, шаруа мен фермер қожалықтары, жеке кәсіпкерлер және жеке қосалқы шаруашылық жүргізетін үй шаруашылықтары қатысады. Санақ объектілеріне жер алқаптары, ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстары, техника мен жабдықтар, өндірістік және сақтау құрылыстары жатады.
1-31 тамызда sanaq.gov.kz сайтында ауыл шаруашылығы субъектілері онлайн сауалнама толтырады. Жүйеге ЭЦҚ, QR-код немесе СМС арқылы кіру қарастырылған. 1-19 қыркүйекте деректер өңделеді. Бұдан кейін интервьюерлер планшетпен офлайн сауалнама жүргізеді. Облыс бойынша 35 учаскеде 148 интервьюер үй аралап, деректерді енгізеді.
Өңір бойынша 10 703 субъект есепке алынған. Онлайн санақ басталғаннан бері соның 8131-і тіркелген.
Аймақ басшысы отырыста төмен көрсеткіш көрсеткен қалалар мен аудан әкімдеріне осы бағыттағы жұмысты жандандыруды, халық арасында ауыл шаруашылығы санағының маңызы туралы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.