Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында жаңа оқу жылына дайындық барысы бойынша берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды. Бұл туралы облыстық Білім басқармасының басшысы Бауыржан Туленов баяндады.
Қазіргі таңда облыстағы 12 мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде. 5 мектепте жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Қалғандарында жұмыс жалғасуда, 1 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр.
2025-2026 оқу жылына 133 мыңнан астам оқулық пен оқу-әдістемелік кешен сатып алынды. Оқулықтар тамыз айында жеткізіліп, қазіргі таңда барлық аудандарға тарату жұмыстары жүргізілуде.
Білім беру нысандары маңындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде облыстағы мектептердің 93 пайызы қауіпсіз жол инфрақұрылымымен қамтамасыз етілді.
426 білім ұйымының барлығында жылыту мәселесі шешілген. Оның ішінде 127 нысан орталықтандырылған жылумен, 191 нысан қатты отынмен, 56 нысан электр қазандығымен жылытылады. Жылыту жүйелері мен қазандықтарды жөндеуге биыл 614 млн теңге бөлініп, 85 жобаның 33-і толық аяқталды. 27-і жоба бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жиында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұржан Ноғайбаев пен құрылыс басқармасының басшысы Шыңғыс Риаханов мектеп оқушыларын тамақтандыру мен мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары туралы баяндады.
Отырыс соңында облыс әкімі білім саласындағы барлық жұмыстардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Аймақ басшысы ғимараттардағы жөндеуді 31 тамызға дейін аяқтауды, оқулықтарды 30 тамызға дейін толық жеткізуді, мектептердегі қауіпсіздік шараларының толық іске қосылуын қамтамасыз етуді жүктеді.