Зенковка ауылында ашылған өрт сөндіру бекеті 2300-ден астам тұрғыны бар жеті елді мекенді өрттен қорғауға мүмкіндік береді.
Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраев ғимаратты тұрғызуға мұрындық болған Поптар отбасына алғыс білдірді.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Манарбек Шапағатовтың айтуынша, жаңа бекет өрт сөндірушілердің жету уақытын қысқартып, төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін арттырады.
«Биыл облыста 834 өрт тіркелді, оның жартысына жуығы тұрғын үй секторында болған. 200-ден астам табиғи өрт оқиғасы тіркелді. Жаңа бекет өрт сөндірушілердің жету уақытын қысқартып, ауданның 2304 тұрғыны бар 7 елді мекенін қорғауға мүмкіндік береді», - деді ол.
Ауылдың дамуына айрықша үлес қосып жүрген Константин Поп бұған дейін хоккей кортын, пошта ғимаратын және басқа да әлеуметтік нысандарды салуға көмектескен.
Лентаны қию рәсімінен кейін тұрғындар жаңа техникалар мен жабдықтарды тамашалады. Жыл соңына дейін Андреев, Дмитриевка және Петропавл ауылдық округтерінде де осындай бекеттер ашылмақ.