Бүгін облыс әкімі Берік Уәли арнайы қорғаныс аяқ киімін шығаратын өндірістік-қойма кешені мен «Техноавиа-Қазақстан» ЖШС-нің «Швейная фабрика» филиалына барды. 2014 жылы құрылған компанияның бұл бөлімшесі 2025 жылы іске қосылып, бүгінде 140 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Фабрика арнайы, медициналық және корпоративтік киім түрлерін шығарып, жылына 140 мыңға дейін дайын бұйым өндіреді.
Былтыр кәсіпорын ауқымды жаңғыртудан өткен. Нәтижесінде жаңа цехтар мен қоймалар ашылып, Германия мен Ресейден заманауи автоматтандырылған жабдықтар орнатылған. Қазір фабрикада 220-дан астам әмбебап және арнайы тігін машиналары, бу генераторлы үтіктеу жабдықтары жұмыс істейді. 2025–2029 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, тігін цехтарын қайта жабдықтау және өндіріс көлемін ұлғайту көзделген. Алдағы үш жылда аяқ киім фабрикасын іске қосу жоспарланып отыр.
Берік Уәли кәсіпорынның аймақ экономикасындағы маңызына тоқталып, жергілікті өнімнің сапасын жоғары бағалады.
«Тігін және жеңіл өнеркәсіп – экономиканың маңызды салаларының бірі. Бұл өндіріс алаңы жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға үлес қосып отыр. Әкімдік тарапынан қолдау жалғасады», – деді аймақ басшысы.