Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы Абайдың 180 жылдығына орай Семейдегі Абай музейіне тамаша тарту жасады. Бас Прокуратураның Аппарат басшысы А.О. Мұхаметжанов бүгін Бас Прокурор Б.Н. Асылов музейге арнайы тапсырыспен жасатқан Абай Құнанбайұлының мүсінін сыйға тартты. Сонымен қатар, музей ұжымына Бас Прокурордың құттықтау хаты табысталды.
«Сіздерді Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы және өзімнің атымнан қазақ халқының ұлы тұлғасы, ойшыл, ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Абай есімі халқымыздың рухани байлығы мен әділдік пен ақиқаттың қайнар көзімен ұштасады. Оның өшпес мұрасы еліміздің әрбір азаматының білім мен парасатқа, адамгершілік пен қоғамдық жауапкершілікке бағыттайтын мәңгілік қағида. Абай біздің ар-ожданымыздың үні, санамыздың темірқазығы. «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық музей-қорығы Абайдың атындағы қалдырған өсиеті мен өнегесін ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші асыл мұра болып отыр. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында музейге келген әрбір адам Абайдың рухани мұрасымен таныса отырып, ұлттық сана мен адами қасиет туралы ой түйіп, мол рухани азық алары сөзсіз» делінген хатта.
Шараға қатысқан облыс әкімі Берік Уәли арнайы сыйлық үшін ризашылығын білдіріп, бұл құнды жәдігердің Абай мұрасын дәріптеудегі маңызын атап өтті.
«Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік аясында Бас прокуратура атынан үлкен сыйлық келіп жатыр. Біз мұны музейімізге берілген құнды жәдігер деп бағалаймыз. Осыдан тура 140 жыл бұрын Абай Құнанбайұлы Қарамола деген жерде төбе би сайланып, қазақтың ескі заңдарын сол заманға лайықтап, 73 баптан тұратын дала заңын қолданысқа енгізген болатын. Халық ақынды ойшыл, ақын, гуманист ретінде танығанымен заңгерлік қырын көп біле бермейді. Абай музейіне осындай құнды жәдігерді сыйлаған Берік Ноғайұлы бастаған ұжымға Абай елі атынан алғыс айтамыз!» деді аймақ басшысы.