Абай облысында Абайдың 180 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар легі жалғасуда. Онкүндіктің сегізінші күнінде Абай ауданында «Жеті қазына» республикалық фестивалі басталды. Ашылу салтанаты Қарауыл ауылындағы Абай саябағында өтті.
Үш күнге созылатын шара аясында «Ер жігіт», «Сұлу әйел», «Ілім-білім», «Қыран бүркіт», «Жүйрік ат», «Құмай тазы», «Берен мылтық» сайыстары ұйымдастырылады.
Қазіргі уақытта Қарауыл ауылындағы Абай саябағында қазақ қызының көркі мен нәзіктігін паш ететін «Сұлу әйел» сайысы өтіп жатыр. Жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 25 ару қатысуда. Аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған ақын мұрасын дәріптеуге арналған «Ілім, білім: Абай оқулары» байқауында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 25 үміткер Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқудан бәсекеге түсіп жатыр. Сондай-ақ, бүгін «Ер жігіт» сайысының бірінші кезеңі басталды. Қатысушылар теңге ілу, қазақ күресі, қой көтеру сынды ұлттық спорт түрлері бойынша сынға түсуде.