
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли BINOM мектептер желісінің басқарушы директоры Шолпан Қадыровамен кездесіп, білім беру саласындағы ынтымақтастық пен Семей қаласында жаңа мектеп салу мәселесін талқылады.
Шолпан Қадырова Абай облысында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде BINOM мектебін салу туралы ұсыныс білдірді. Облыс әкімі бастаманы қолдайтынын айтып, өңірге заманауи мектептердің қажет екенін атап өтті.
«Қазіргі таңда облысымызда дарынды балаларға арналған бірде-бір мектеп жоқ. Соған қарамастан оқушыларымыз халықаралық және республикалық олимпиадалар мен байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Балаларымыздың әлеуеті өте жоғары. Семей қаласында BINOM мектептер желісі ашылатын болса, ата-аналар өз баласын үлкен сеніммен береді деп ойлаймыз. Ұсыныстарыңызды қолдаймыз» деді аймақ басшысы.
Еліміз бойынша BINOM мектептер желісінің 8 мектебі жұмыс істейді. Онда 32 мыңға жуық оқушы білім алады. 1800-ден астам мұғалім бар.
BINOM мектептер желісі халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда жаратылыстану-математикалық бағытқа басымдық беріледі. Сондай-ақ, STEM, жобалық оқыту сынды инновациялық әдістер қолданылады. Оқу үдерісі цифрлық технологиялармен жабдықталып, интерактивті тақталар мен онлайн платформалар арқылы жүргізіледі.