Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Чехия Парламенті депутаттар палатасының Вице-спикері Ян Бартошек бастаған Чех легионерлер қоғамының делегациясымен кездесті.
Аймақ басшысы кездесуде облыс әкімдігі барлық салада ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еуропалық елдермен байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөледі. Біз еуропалық серіктестермен диалог орнатуға ашықпыз және чех инвесторларына барынша қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Сіздің сапарыңыз өзара тиімді байланыстар мен тәжірибе алмасуға негіз болады деп сенемін», – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында қонақтар бірінші дүние жүзілік соғыс жылдары Семейде жерленген чех әскери тұтқындарына қатысты мәселені көтерді. Облыс әкімінен сол азаматтарға белгі қоюға көмек көрсетуді, сондай-ақ орнын анықтап, белгі орнатуға мүмкіндік беруді сұрады.
«Біздің сіздердің өңірлеріңізге келудегі басты мақсатымыз –Семейде жерленген чех әскери тұтқындарына құрмет көрсету. Олардың есімін ұмытпау үшін белгі орнатып, тарихи әділдікті қалпына келтіруді көздейміз», - деді Ян Бартошек.
Облыс әкімі кездесуде көтерілген мәселе заң аясында қарастырылатынын жеткізді. Тиісті басқармаларға қолдау көрсетуді тапсырды.