Абай облысында Ұлттық ғылым академиясы президиумының көшпелі отырысы өтті

Абай облысында Ұлттық ғылым академиясы президиумының көшпелі отырысы өтті

Бүгін Семейде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы президиумының «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбындағы көшпелі отырысы өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, ҚР Атомдық энергия агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикин, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов, ҚР ҰҒА академиктері, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ түрлі салалардағы жетекші отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.

Жиынның ашылуында сөз сөйлеген аймақ басшысы Ұлттық ғылым академиясы Президиумы көшпелі отырысының облыста өткізілуі өңірде ғылымның дамуына тың серпін беретінін атап өтті.           

«Алқалы жиынның Семейдің төрінде өтуі біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл өлке – Ұлы Абайдың, дана Шәкәрімнің, заңғар жазушы Мұхтардың, тұтас қазақ руханиятының, ғылым мен білімнің алтын бесігі. «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тұжырымы – Президент айқындаған тарихи жауапкершілікті сезініп, болашаққа нық бағдар беретін кемел көзқарастың көрінісі.

Әрине, Абай облысындағы ғылым туралы сөз болғанда ойға бірден еліміздің ғылым саласындағы ерекше орны бар, тарихи маңызы зор Курчатов қаласы оралады. Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы Курчатов қаласының тиісті тәжірибесі мен дәстүрі онда ғылыми қалашық салуға мүмкіндік беретінін айтты. Қазір тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мұндағы Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық технологиялар паркі ядролық медицина орталығымен ынтымақтастықты қоса алғанда, әлемдік жобаларды әзірлеуге арналған таптырмас алаң екені даусыз. Біздің алдағы міндетіміз – Курчатов қаласын ғылым мен инновацияның ордасына айналдыру. Оған әрине, ғылыми қауымдастықтың, сіздердің қолдауларыңыз айрықша қажет», - деді облыс әкімі.          

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев отырыста Абай облысының ғылыми әлеуеті зор, облыста дәстүрлі агроөнеркәсіптік кешен мен туризмнен басқа ядролық энергетиканы дамытуға мүмкіндік мол екенін айтты.

«Курчатов қаласындағы бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағында орналасқан, Кеңес Одағы кезінде құрылған, әлемге әйгілі Ядролық зерттеулер жөніндегі бірегей ғылыми-эксперименттік инфрақұрылым бүгінде аса құнды ғылыми база болып табылады. Сонымен қатар, бірқатар көрсеткіштер бойынша ондағы зертханаларының әлемде баламасы жоқ. Облыстың агроөнеркәсіптік кешенді дамытуына мүмкіндігі де жеткілікті. Табиғи жайылымдардың зор алқаптарын толық игеру және тиімді пайдалану, жемшөп базасын дамыту және қазір Ұлттық академия бастамасымен ғылыми ұйымдар әзірлеп жатқан ветеринария мен мал тұқымын асылдандыру жүйесінде есепке алу мен мониторингтеу жөніндегі жаңа цифрлық платформаларды енгізу арқылы өңірді экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаушы аймаққа айналдыруға толық негіз бар. Сондай-ақ, Ертіс өзенінің су ресурстарын барынша пайдалану есебінен облыста суармалы егіншілікті кеңінен дамытуға болады», - деді ол.

Отырыста Мемлекеттік сыйлықтың иегері, биология ғылымдарының  докторы Аманкелді Саданов, профессор Бақдәулет Кенжеалиев, Фараби Ермеков секілді ғалымдар сөз сөйлеп, облыстың ауыл шаруашылығы, өндіріс, экология салаларында қолдануға болатын жобаларын таныстырды. Мәселен, Аманкелді Саданов малдардың төлдері мен құстардың ішек ауруларын емдейтін, оларды бордақылауға арналған препараттарды алғашқы бір жылда тегін беретінін жеткізді.

Облыс әкімі отырыста ғалымдар тарапынан айтылған ұсыныстардың барлығы өңір үшін өзекті екенін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығына арналған отандық препараттар біздің өңірімізге өте қажет. Оның үстіне Семейдің іргесінде инвесторлор есебінен ірі ет комбинатын салу жұмыстары басталды. Облысымызда малдың саны өте көп. Бір ғана Саржал ауылында 22 мың бас жылқы бар. Бүгін сіздер көрсеткен өнімдерді облысымыздағы ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарға ұсынатын боламыз. Бақдәулет Кенжеалиевтің кен орындарына қатысты айтқан, Фараби Ермековтің ауқымды деректерді өңдеу орталығын құру жөніндегі ұсыныстары бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», - деді аймақ басшысы.

Абай облысында үш жоғары оқу орыны бар. Онда 60-тан астам ғылым докторы, 400 кандидат және 200-ге жуық PhD докторлары еңбек етеді. Университет базаларында 50-ден астам ғылыми орталық,  диссертациялық кеңестер мен атаулы кабинеттер жұмыс істейді.

Отырыста өңірлік ғылымды дамытудың өзекті мәселелері, оның аймақ экономикасын тұрақты дамытудағы рөлі мен маңызы талқыланды. Қазақстан Республикасының өңірлерінде ғылыми әлеуетті дамытуды қолдау тұжырымдамасы таныстырылды. Шара аясында ғылыми-инновациялық көрме, сондай-ақ өңірлік ғылым үшін басым міндеттерді айқындауға арналған форсайт-сессия ұйымдастырылды.