Облыс әкімі Берік Уәли жұмыс сапары аясында Қарағайлы ауылында салынған дәрігерлік амбулаторияда болды.
Нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерген. Ғимарат қажетті медициналық жабдықтармен және жиһазбен қамтамасыз етілген. Электрмен және сумен жабдықтау желілері тартылған.
Жаңа амбулатория іске қосылған соң Қарағайлы және Башкөл ауылдарының екі мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсететін болады. Қазір ауылда үш медицина маманы бар.
Медициналық нысанды аралап шыққан облыс әкімі ғимаратты жылдамдатып қолданысқа беруді тапсырды. Аудан әкімі мен Денсаулық сақтау басқармасы басшысына мекемеге жас мамандарды тарту бойынша жұмыс жүргізу керектігін айтты.
Аймақ басшысы осы жерде ауылдың ақсақалдарымен кездесіп, пікір алмасты.
«Тоғыз жолдың торабында орналасқан, береке-бірлігі жарасқан Бесқарағай ауданына қысқа мерзім ішінде төртінші мәрте келіп отырмын. Алғашқы сапарымда ауданның қажеттіліктерін, түйткілді мәселелеріне назар аударып, өзіме түртіп алғанмын. Аудандағы мәселелерді кезең-кезеңімен, жүйелі түрде шешетін боламыз. Бүгін Канонерка ауылындағы Мәдениет үйі мен Бесқарағай ауылындағы колледжде болдым. Екі нысанға да ағымдағы жөндеу жүргіземіз. Облыс бойынша 64 медициналық нысан салынды. Оның 10-ы дәрігерлік амбулатория. Соның бірі Қарағайлы ауылында салынып отыр. Осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз», - деді облыс әкімі.