Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында «Қарызсыз қоғам» жобасының, «Таза Қазақстан» бағдарламасының өңірде іске асырылуы, облысты ауыз сумен қамту мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, ал аудан және қала әкімдері бейнережимде қатысты.

Облысты ауыз сумен қамту мәселелері туралы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Раджан Сейітқанов баяндады.

Статистикалық деректер бойынша қазіргі таңда өңірде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 95,3 пайызды құрайды.

Тұрғындарды 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту үшін биыл жалпы құны 7,6 млрд теңге болатын 26 жаңа құрылыс жобасын іске асыру қажет.

Облыс бойынша су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 3 687,9 шақырымды құрайды. Орташа тозу деңгейі – 44,1 пайыз. 2025 жылы желілердің тозуын азайту мақсатында жалпы құны 4,6 млрд теңге болатын 21 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның 14-і – ауыспалы, 7-еуі – жаңа жоба.

Арнаулы мемлекеттік қор есебінен Абай, Бесқарағай, Үржар аудандарындағы 9 жобаға қолдау көрсетілді. Жобалар іске асырылғанда 6 мыңнан астам адам қосымша сумен қамтамасыз етіліп, 101 шақырым су желісі жаңартылады. Облыс бойынша орташа тозу деңгейі 40,2 пайыздан 35,1 пайызға дейін төмендейді.

Сонымен қатар, түгендеу кезінде облыстағы 102 блоктық-модульдік станциясының 25-сінің жұмыс істемейтіні анықталды.

Аймақ басшысы тиісті аудан әкімдеріне бір ай мерзімде іске қосуды міндеттеді.

«Мемлекет басшысы 2025 жылдың соңына дейін тұрғындарды 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Халықпен кездесу барысында бұл мәселе тұрақты түрде көтеріледі. Сондықтан қала-аудан әкімдері бұл бағыттағы жұмысты ерекше қадағалауға алып, аяқталмаған жобаларды жыл соңына дейін іске қосу қажет», - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы орынбасары Серік Төленбергеновке әрбір жобаны жүзеге асыру барысына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды.

Жиында «Қарызсыз қоғам» жобасы туралы Қаржы басқармасының басшысы Гүлфайрус Серікболова баяндады.

«Қарызсыз қоғам» жобасы – «AMANAT» партиясының халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған бастамасы. Жоба несиелік берешегі бар, борышкерлер тізімінде тұрған немесе қарыздарын уақытында төлей алмаған азаматтарға қолдау көрсетуге арналған.

2024 жылы облыста 34 оқу өткізіліп, 7352 адам қамтылған. 2025 жылы жоба жаңартылып, «Қарызсыз қоғам 2.0» нұсқасында жүзеге асуда. Бағдарлама 90 күннен астам өтелмеген несиесі бар азаматтарға бағытталған. 17 ақпан мен 26 мамыр аралығында 1051 адам оқытылып, заңгерлік кеңес алды. Жыл соңына дейін 44 оқу өткізу жоспарланған.

«Қарызсыз қоғам» жобасы 1 маусымнан бастап толық онлайн форматқа көшті. Жыл соңына дейін облыс бойынша ай сайын 2500 адамды қамту жоспарланып отыр.

Облыс әкімі жобаның маңызын атап өтіп, аудан әкімдеріне бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.

«Қарызсыз қоғам» Мемлекет басшысының бақылауындағы жобалардың бірі. Шет елде осындай оқыту жобаларына қатысу үшін азаматтар қомақты ақша төлейді. Ал бізде тегін оқытылса да, азаматтардың белсенділігі төмен. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керек», - деді аймақ басшысы.