Облыс әкімі Берік Уәли бүгін шет елдік инвесторлармен кездесті. Кездесуде қытайлық «China Global Sourcing Group» компаниясы өкілдерімен екі жақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Аймақ басшысы облыстың әлеуеті мен мүмкіндіктерін таныстырып, өңірде көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, туризм салаларында инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға болатынын атап өтті.
«Инвестиция тарту мақсатында өткен айда Абай облысының делегациясы Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесіне жұмыс сапарымен барып, халықаралық «Үлкен Алтай» субөңірлік ынтымақтастық конференциясына қатысып қайттық. Шара аясында қытай инвесторларымен құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы сапардың нәтижесінде өткен аптада Семей қаласындағы өндірістік аймақта чиптер мен электронды қондырғыларды өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Екі елдің Мемлекет басшылары арасындағы достық қарым-қатынастың арқасында енгізілген визасыз режим (30 күн) – бизнес, соның ішінде туризм саласындағы байланыстарды дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Біз инвесторлармен жұмыс істеуге, оларға тиісті жағдай жасауға дайынбыз» – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде «China Global Sourcing Group» компаниясының өкілі Цуй Айго Семей қаласында салынатын жаңа ықшам ауданға қызығушылық танытып, осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
«Семей қаласының көлік-логистикалық әлеуеті зор. Біз «Смарт сити» жобасы аясында қаланың инфрақұрылымын жақсартуға өз үлесімізді қосқымыз келеді. Жобамен мұқият танысып, сіздерге нақты ұсыныстарымызды жолдайтын боламыз» деді Цуй Айго.