Облыс әкімі Саржал ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда болды

Облыс әкімі Саржал ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда болды

Облыс әкімі Берік Уәли Абай ауданының Саржал ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда болды.

Медициналық мекеме биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. Ғимаратта 13 бөлме бар. Дәрігерлік амбулаторияда 10-ға жуық адам жұмыс істейді. Мекеме тұрғындарға заман талабына сай қызмет көрсетуде. Қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Саржал ауылы аудан орталығы Қарауылдан 100 шақырым қашықта орналасқан. Елді мекенде 1600-ден астам халық тұрады. 56 қыстақта тұратын тұрғындарға, оның ішінде балалар мен әйелдерге тұрақты түрде медициналық бақылау жүргізіледі. Ауылда 35 жылдық тәжірибесі бар жоғары санатты дәрігер қызмет етеді.

Аймақ басшысы дәрігерлік амбулаторияны аралап, жұмысымен танысқан соң ауыл ақсақалдарымен, дәрігерлермен кездесті.

«Саржал – Абай облысына ғана емес, қымызымен бүкіл республикаға танымал, қаймағы бұзылмаған, бірлігі жарасқан үлгілі ауыл. Халық саны жылдан жылға артып келеді. Ауылдың болашағы зор. Алдағы уақытта тұрғындар бұқаралық спортпен шұғылдануы үшін елдімекенде спорттық модуль салынады. Аудан әкімі мердігер компанияның жұмысын бақылауы керек. Шалғайдағы елді мекен тұрғындарына қолайлы жағдай жасау – басты міндетіміз. Сондықтан әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсететін боламыз», - деді аймақ басшысы.

Саржал ауылы тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен шұғылданады. Елді мекенде 74 шаруа шаруа қожалығы бар.

«Сары қымыз сапырған ауылмыз ғой. Күніне 2 тоннаға жуық қымыз өндіреміз. Ауылымыз күннен күнге көркейіп келеді. Былтыр аудан бойынша үздік ауыл атандық. Көшелеріміз таза, барлығына жуық асфалть төселген. Қаладан біздің ауылға көшіп келем деушілер көп. Мұның бәрі елді мекенде барлық жағдайдың жасалғандығынан деп ойлаймын. Ауылымызға арнайы келгеніңіз үшін алғыс білдіремін», - деді ауылы Секен Ибраев.