Облыс әкімі Берік Уәли Абай ауданындағы Тоқтамыс ауылына барып, елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысты.
Биыл ауданда бірқатар инфрақұрылымдық жобалар қолға алынған. Облыстық маңызы бар «Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар» автомобиль жолының 84-99 шақырымы мен «Семей-Қарауыл» жолының 97-117 шақырымы аралығына орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Қарауыл ауылында ұзындығы 3 шақырымға жуық екі көшеге асфальт төселуде. Ауданның шалғайдағы елді мекендері де назардан тыс қалмаған. Қазіргі уақытта Тоқтамыс ауылына кіреберіс 5 шақырым жол мен елді мекеннің бір көшесіне асфальт салынуда. Аймақ басшысы жол жөндеу жұмыстарының барысын көріп, мердігерлерге уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Семейден 200 шақырым жерде орын тепкен Тоқтамыс ауылында 600-ге жуық тұрғын бар. Облыс әкімі Жанғазы Молдағалиев атындағы орта мектептің жұмысымен танысты. 1982 жылы салынған екі қабатты ғимарат 448 орынға шақталғанымен бүгінде 92 оқушы білім алуда. 26 мұғалім еңбек етеді. Білім ордасы қайта жаңғырту жобасы аясында келесі жылы күрделі жөндеуден өткізілмек.
Аймақ басшысы осы жерде мектеп мұғалімдерімен, ауыл ақсақалдарымен кездесіп, пікір алмасты. Шалғайдағы елді мекендерді қолдау бағытындағы жұмыстардың жалғаса беретінін жеткізді.
«Тоқтамыс – Абай ауданының ең шеткі ауылдарының бірі. Осындағы халықтың ахуалымен танысайын, өздеріңізбен жүздесейін деп арнайы келіп отырмын. Былтыр ауылдарыңызға интернет қосылды. Биыл ауылдың жолын жасауға ақша бөлдік. Абай көшесінде бір шақырымға жуық жолға алғаш рет асфальт төселіп жатыр. Осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Өңірдегі ауылдардың ешқайсысы назардан тыс қалмайды», - деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы өңіріміздегі ерекше тарихи орындардың бірі Қоңыр Әулие үңгірінде де болды. Абай ауданының Тоқтамыс ауылы аумағындағы Ақтас тауындағы Қоңыр Әулие үңгірінің тереңінде орналасқан жер асты көлі өзінің емдік қасиеттерімен танымал. Көлдің температурасы жыл он екі ай 5-7 градустан аспайды. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен және шет елдерден көптеген туристер келеді. Қоңыр Әулие үңгірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның 100 киелі нысанының қатарына енген. Туристік маусымда тарихи орынды шамамен 9 мыңға жуық адам тамашалайды.
Туристік нысанды аралап көрген аймақ басшысы Туризм басқармасына Абай ауданы әкімдігімен бірлесіп жаңарту жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
«Қоңыр Әулие – Абай облысындағы туристер ең көп келетін ерекше орындардың бірі. Осындай табиғи-мәдени нысандарды жаңғырту арқылы ішкі туризмді жандандыруға толық мүмкіндік бар. Хәкім Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай еліміздің әр аймағынан ғана емес, шетелден де қонақтар келеді. Сондықтан бұл жер заман талабына сай болуы керек», - деді облыс әкімі.