Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Абай ауданында болып, Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Аймақ басшысы әуелі Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» кесенелерін аралап, көрді. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей қорығы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарайды. Кешеннің өзі мен аумағына 2020 жылы ақынның 175 жылдығына орай ғылыми-реставрациялық және абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта мұндағы амфитеатр мен кесененің төменгі бөлмелері жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі осы жерде министрлік өкілдерімен кездесіп, кесенеде жүргізілетін реставрациялық жұмыстардың қашан басталатынын сұрап, мән-жайды білді.
Абайдың 180 жылдығының негізгі, қорытынды шаралары Абай ауданында өтеді. Мерейтой аясында «Жеті қазына» ұлттық мәдениет, спорт және туризм фестивалі ұйымдастырылады.
Мерейтойлық шаралар өтетін негізгі орындардың бірі – Қарауылтөбе. Мұнда үлкен дала сахнасы, ат жарысқа арналған шеңбер, 400-ге жуық адамға арналған көрермен орны дайындалуда. Киіз үйлер қалашығы тігілетін жерге су мен жарық тартылған. Кәсіпкерлерге арналған аумағы 2500 шаршы метрлік сауда орны болады. Жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, қосымша жолдар салынады. Осы жерде аудан әкімі Мейіржан Смағұлов пен барлық басқарма басшылары, құқық қорғау органдары мен ТЖД өкілдері аймақ басшысына мерейтойға орай атқарылып жатқан туралы баяндады.
Қарауыл ауылының шетіндегі Абай саябағы 2020 жылы ақынның 175 жылдығы кезінде салынған. Саябақта жаяу жүргіншілер жолдары, спорт алаңдары, субұрқақтар, 12 самалжай, 24 дәретхана, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жолдар бар. Мерейтойға орай мұнда ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Облыс әкімі саябақты аралап шыққан соң ауыл тұрғындарымен бірге ағаш көшеттерін отырғызу рәсіміне қатысты. Аймақ басшысы мерейтойлық шаралар өтетін Қарауыл ауылындағы стадион мен Абай алаңында да болды.
Облыс әкімі Абайдың 180 жылдығы республика көлеміндегі үлкен маңызды шара екенін атап өтті.
«Осыдан үш ай бұрын, 22 ақпанда Абай ауданына арнайы келіп, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына қандай шаралар атқару керек, қандай қажеттіліктер бар екенін біліп кеткен болатынмын. Облыстың бюджетін қайта қарап, оңтайландырып, тиісті қаражат бөлінді. Ауданға қажетті дүниелердің барлығын енгіздік. Қазіргі уақытта жол жөндеу, Жидебайға антенналық матчты құрылғы орнату секілді жұмыстар жүріп жатыр. Мерейтой қарсаңында пайдалануға беріледі. 180 жылдыққа орай елімізден, тіпті шетелдерден де келеміз деп отырған қонақтар көп. Сондықтан мерейтойды жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Бүгін үш ай бұрынғы қажеттіліктерге бөлінген қаражат қалай игеріліп жатқандығын көріп, танысуға келдім. Қазіргі уақытта жұмыстар жоспарға сай жүріп жатыр. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек» - деді аймақ басшысы.