
«Заң мен тәртіп» идеологиялық нарративі аясында Абай облысы жастары арасында тәуелділіктердің алдын алу идеяларын насихаттау, сондай-ақ нашақорлық пен лудоманияға төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Сын-қатерсіз жарқын болашақ» атты командалық зияткерлік ойын өткізілді.
Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында облыс жастарымен жүйелі әрі тығыз жұмыс жүргізілуде. Осы орайда бүгін жастар арасында зияткерлік ойын ұйымдастырылып, оған қала мектептерінің оқушылары мен аудандардан келген студенттер мен оқушылар белсенді қатысты.
-Жыл бойы жастармен әртүрлі форматтағы іс-шаралар өткізіліп келеді. Атап айтқанда, жас театрлар ұжымдарының қойылымдары, спорттық және зияткерлік ойындар, пікірсайыстар ұйымдастырылуда. Зияткерлік ойындар облыс көлемінде кеңінен дамып, барлық аудандардың қатысуымен республикалық квиз ойындары өткізілуде, – деді Абай облысының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Олжас Түсіпбекұлы.
Ойын барысында қатысушылар салауатты өмір салты, құқықтық сауаттылық, зиянды әдеттердің алдын алу және қоғам алдындағы жауапкершілік тақырыптары бойынша сұрақтарға жауап берді.
– Бүгін «Сын-қатерсіз жарқын болашақ» зияткерлік сайысы «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып отыр. Біз бұл сайысқа Жарма ауданынан келдік. Заң мен тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың басты парызы. Саналы, жауапты ұрпақ қалыптасқан жағдайда ғана еліміздің болашағы жарқын болады, – деп атап өтті Жарма ауданы Ақтайлақ би атындағы орта мектептің тәлімгері Қымбат Ануарбекова.
Іс-шара оқушылар мен студенттердің командалық жұмыс дағдыларын дамытуға, сыни ойлау қабілеттерін арттыруға және болашаққа деген саналы көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті. Зияткерлік ойын жастар арасында үлкен қызығушылықты тудырды.
– Мен «Заң мен тәртіп» аясында өткен квиз ойынына қатыстым. Маған ойын өте ұнады. Квиз 7 кезеңнен тұрды, барлық тапсырмалар қызықты әрі мазмұнды болды. Ойын әділ өтті. Осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тапса екен. Келесі квиздерге де қатысуға дайынмын, – дейді №51 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Нұрай Сұлтаева.