Абай облысының делегациясы Алтай қаласына келді

Абай облысының делегациясы Алтай қаласына келді
Абай облысының әкімі Берік Уәлидің тапсырмасымен облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков бастаған өңір делегациясы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының Алтай қаласына келді. Делегация мүшелері ертең «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық өңірлік ынтымақтастық конференциясына қатысады. Жүзден астам адамнан құралған делегация құрамында мемлекеттік қызметкерлер, аудан әкімдері, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, білім, кәсіпкерлік, туризм саласының өкілдері бар.

Бүгін облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстарының басшыларымен, сондай-ақ, Қытайдың, Ресейдің, Моңғолияның, Өзбекстанның, Қырғызстанның және Түркіменстанның өкілдерімен бірге Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің партия комитетінің хатшысы Чэнь Сяоцзяндің төрағалығымен өткен кездесуге қатысты.

Жиынды ашқан Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің партия комитетінің хатшысы екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі Қазақстанның шекаралық аймақтарындағы облыстармен қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға дайын екенін жеткізді.

Абай облысы құрылғаннан бері Қытай Халық Республикасымен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға басымдық беріп келеді. Осы уақыт аралығында Қытай тарапымен 115-тен астам кездесу өткізіліп, көптеген перспективалы жобалар бойынша нәтижелі келіссөздер жүргізілді.