
Сонымен қатар, өңірде жастардың ІТ саласына қызығушылығы артып, хакатондар мен стартап байқауларына қатысушылар саны өсіп келеді.
2025 жылдан бастап жасанды интеллект бойынша оқыту бағдарламалары аудан орталықтарын да қамти бастады. Alikhan Bokeikhan University базасында ASSYLTAS қоғамдық қоры бастамасымен «Assyl AI» жобасы іске асырылып, жастарды жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларына үйрету қолға алынған. Робототехника саласында да оң нәтиже бар. RO-ALEMI робототехника орталығының тәрбиеленушілері халықаралық жарыстарда жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Инновациялық жобаларды қолдау мақсатында Семей қаласы әкімдігі GovTech байқауын ұйымдастырып, жалпы бюджеті 30 млн теңге көлемінде стартаптарға грант бөлді.

Сондай-ақ, өңірде білім беру және инновация бағытында бірқатар жаңа бастамалар жоспарланған. Атап айтқанда, «Tomorrow School» білім беру жобасын ашу көзделуде. Сонымен қатар өңірдің стартап экожүйесін дамыту мақсатында «Semy-Hub» өңірлік хабын құру жұмысы жүргізілуде.
Аймақ басшысы цифрландыру басқармасына Мемлекет басшысының жасанды интеллектті дамытуға қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында әр басқармаға нақты индикаторлары бар іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, агробизнес өкілдерімен инновациялық технологияларды енгізу бағытында жұмыс жүргізуді және цифрландыруды енгізген кәсіпорындарды ынталандыру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.
«Президенттің Жолдауда белгілеген міндеттерін жүзеге асыру еліміздің бәсеке қабілеттілігін арттырып, экономиканың барлық саласын жаңғыртуға ықпал ететіні сөзсіз. Жалпыұлттық жоспарға сәйкес ауыл шаруашылық, жер, қаржы, өнеркәсіп, сауда, көлік-логистика, құрылыс, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, білім және табиғи ресурстарды пайдалану салаларында жасанды интеллектіні енгізуіміз қажет», – деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
