Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қаржы басқармасының басшысы Гүлфайруз Серікболова, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков және цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы баяндады.


Аймақ басшысы жиында қала-аудан әкімдеріне жоспарланған жобалардың уақытында әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін кешіктірмей өткізу және бюджет қаражатын пайдалану кезінде қаржылық тәртіпті қатаң сақтауды тапсырды. Толық аяқталмаған жобалар бойынша туындаған мәселелерді талдап, олқылықты жою үшін жауапты тұлғалардың бақылауын күшейту қажеттігін айтты. 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған нысандардың құрылысы белгіленген мерзімде аяқталмаған жағдайда тиісті басшылардың жауапкершілігі қаралатынын да ескертті.
«Бюджет қаражатын тиімді пайдалану – әрбір деңгейдегі бірінші басшының басты міндеті. Күнделікті жұмыс барысында қаржы мәселесіне де көңіл бөлу қажеттігін ескертемін. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл мәселеге ерекше тоқталды. Басқарма басшылары, аудан әкімдері, бөлінген қаражатты игеру үшін ғана емес, нақты нәтижеге қол жеткізуге жұмыс істеу керек. Ол үшін дұрыс жобалап, дұрыс жоспарлау керек. Жоспарлап алып, орындамау деген болмайды», – деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
