Әкімдік отырысы өтті

Әкімдік отырысы өтті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің атқарылу болжамы, өңір тұрғындарын ауыз сумен қамту барысы, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу және инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі жоспарды орындау және 2026 жылға арналған жоспарды бекіту мәселелері қаралды.

Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қаржы басқармасының басшысы Гүлфайрус Серікболова, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейтқанов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбекқызы баяндады.

1 желтоқсандағы жағдай бойынша облыстық бюджет бойынша жоспар 122,7 пайызға орындалып, 19,4 млрд теңге игерілді. Қалалар мен аудандар 121,4 млрд теңге игеріп, жоспарды 105,1 пайызға орындады. Мемлекет басшысының халықты 100% ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша биыл облыста 33 жоба жүзеге асырылуда.

Облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін инфрақұрылым нысандарын толық бейімдеуді қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттардың қолжетімділігі мүгедектігі бар адамдардың кедергісіз ортада еркін қозғалуына және қажетті қызметтерді алуына жағдай жасаудың негізгі талаптарының бірі болып табылады. Осыған байланысты мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында 2026 жылға 200 нысанды бейімдеу жоспарланып отыр.

Аймақ басшысы жиында салаға жауапты орынбасарлары, аудан, қала әкімдері мен облыстық басқарма басшыларына 2025 жылға қаралған қаржыларды толық игеруді қамтамасыз етуді, қаржының игерілуін жеке бақылауға алуды тапсырды.

Сонымен қатар өңір халқын ауыз сумен қамту жобаларының мерзімінде орындалуын, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін бейімдеу жұмыстарын жандандыру қажеттігін айтты.

«Бүгінгі әкімдік отырысында өзекті мәселелер талқыланды. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Бұл мәселе Үкіметтің қадағалауында. Жобаларды мерзімінде аяқтау маңызды. Нысандарды бейімдеу жұмысын тек қана мемлекеттік нысандармен шектемей, жеке меншік нысан иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тиісті жұмыстардың атқарылуын қадағалауымыз қажет», - деді облыс әкімі.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ