1993 жылы құрылған агрофирма мал және өсімдік шаруашылығын қатар дамытып отыр. Мұнда 3 мыңнан астам ірі қара бар. Соның ішінде қазақтың ақбас сиыры, әулиекөл тұқымы және тауарлы сиырлар өсірілуде. Кәсіпорында 110 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жаңасемей ауданы Приречное ауылдық округі аумағында орналасқан шаруашылықтың егістік жер көлемі – 6 793 гектар. Биыл 1787 гектарға картоп, көкөніс және мал азығына қажет дақылдар егілген. Өнімдері сыйымдылығы 14 мың тонна болатын жеті қоймада сақталады.
«Өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі «Агрофирма Приречное» ЖШС-і өрістен дүкен сөресіне дейін қағидатын жүзеге асырып отыр. Мемлекет басшысы «Үлкен қалалардың жанында азық-түлік белдеуін қалыптастыру керек» деп үнемі айтады. Биылғы Жолдауында да агроөнеркәсіпті дамытуға ерекше тоқталды. Семейдің іргесіндегі шаруашылық Президент айтқандай, азық-түлік белдеуін қалыптастырып, тұрақтандыру қоры негізінде қаланы азық-түлікпен толық қамтамасыз етіп отыр. Мұндай үлгілі шаруашылықтар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосады. Жаңа технологияларды енгізумен ерекшеленетін шаруашылықтың озық тәжірибесін басқа да шаруа қожалықтарына үлгі етіп, енгізуіміз қажет», – деді облыс әкімі.
«Сәбіз, сарымсақ, қырыққабат, картоп секілді өнім түрлерін тұрақтандыру қорына жеткіземіз. Биыл шығымы жақсы. Семей халқын көкөніспен толық қамтамасыз етеміз. Көкөністерді жинау жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталады. Қарашадан бастап мамырға дейін өнімдерімізді қолжетімді бағада дүкенге дейін жеткізіп береміз» дейді «Агрофирма Приречное» ЖШС бас директоры Мұхит Тұмабаев.
Шаруа қожалығы алдағы уақытта 5 мың басқа арналған бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр. Аймақ басшысы бордақылау алаңының құрылыс алаңына барып, нысанның алғашқы қазығын қақты. Ағайынды Мұқашевтердің айтуынша, жалпы құны 4 млрд теңгені құрайтын жоба келесі жылы аяқталады.
«Мұның бәрі 2026 жылы пайдалануға берілетін ірі ет комбинатының шикізатын дайындау үшін атқарылып жатқан жұмыс. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек» деді облыс әкімі.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ