Әкімдіктің кеңейтілген аппараттық отырысы өтті

Әкімдіктің кеңейтілген аппараттық отырысы өтті

Аудан әкімдігінде бірқатар маңызды әлеуметтік, экономикалық және құқықтық мәселелер қаралған кеңейтілген отырыс өтті. Отырысқа аудан әкімі, оның орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті мекеме өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде төмендегі мәселелер қаралды:
 1. «АМАНАТ» партиясы бастамашы болған «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуы
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, борыштық жүктемесін азайту және әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
 2. 2025 жылғы 29 мамырдағы №1 хаттаманы орындау мақсатында жұмыссыз азаматтарды 3 айлық кәсіптік оқытуға жолдау
Атап айтқанда, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша (тракторист, электр-газ дәнекерлеуші) қысқа мерзімді кәсіби оқыту курстарына азаматтарды тарту және оларды жұмысқа орналастыру мәселелері көтерілді.
 3. 2025 жылғы көктемгі мерзімді әскерге шақыру бойынша наряд жоспарын орындау
Көктемгі шақырылым аясында бекітілген жоспарын толық әрі сапалы орындау, әскер қатарына шақырылушылардың медициналық тексерістен өтуі мен моральдық-психологиялық дайындығы туралы мәселелер қаралды.
 4. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылатын шаралар және ауыл спорттық жарысына дайындық жұмыстары
Атаулы датаға байланысты өтетін мәдени және спорттық іс-шаралардың маңыздылығы атап өтіліп, олардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы үшін жергілікті мекемелер мен ауылдық округ әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілді.
 5. Орман қорының құрамына қосу үшін екпелер орналасқан жер учаскелерін анықтау бойынша мониторинг жүргізу қажеттілігі
Жасыл белдеуді кеңейту, орман алқаптарын қалпына келтіру және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мақсатында экологиялық мониторинг жүргізудің маңыздылығы айтылды.
 6. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістер
Жаңартылған заңнама аясында азаматтардың құқықтары мен міндеттері, әкімшілік жауапкершілікке тарту тәртіптері бойынша жаңашылдықтар түсіндіріліп, құқықтық мәдениетті арттыру бағытындағы жұмыстардың күшейтілуі қажет екені айтылды.