Биыл өңірде 3 262 бас қаңғыбас жануар ауланды

Биыл өңірде 3 262 бас қаңғыбас жануар ауланды

Абай облысы ветеринария басқармасы биылғы жылдың I тоқсанында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Облыс бойынша 3 262 бас қаңғыбас жануар ауланды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Абай облысының ветеринария басқармасының басшысы Ержан Барышев мәлімдеді.

Облыс аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және тұрақты эпизоотиялық жағдайды сақтау мақсатында бекітілген жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде облыстық коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның 131 ветеринариялық пунктінде 646 ветеринариялық маман қызмет атқарады.

- Ағымдағы жылға арналған ветеринариялық профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес 10 аса қауіпті ауруға қарсы 8,163 млн манипуляция (екпе) жүргізу көзделген. Қазіргі таңда республикалық қордан 3,512 млн доза вакцина бөлініп, оның 2,029 млн дозасы егілді.Жыл басынан бері облыста жануарлар арасында бруцеллез, құтыру және қарасан ауруларының жекелеген ошақтары тіркелді. Бруцеллездің таралу деңгейі төмендегенімен, толық жойылған жоқ. Ал құтыру ауруының негізгі тасымалдаушылары – жабайы аңдар,- деді басқарма басшысы.

Аса қауіпті аурулар анықталған жағдайда қолданыстағы талаптарға сәйкес карантиндік және шектеу шаралары енгізіліп, індеттің таралуына жол бермеу мақсатында ветеринариялық-сауықтыру жұмыстары жүргізіледі.Абай облысының ветеринария басқармасы және оған қарасты ұйымдар 4 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Есепті кезеңде ветеринария саласында қызмет жүргізуге лицензиялар берілмеген.

- Саланы цифрландыру аясында бірқатар жүйелер мен қосымшалар енгізілді: «VetLab», «ВСЭ», «Процессинг орталығы», «РЭО», сондай-ақ «Tort Tulik» және «VETMOBILE».«Tort Tulik» қосымшасы арқылы жануар иелері ветеринариялық қызметтерді онлайн алып, мал басын есепке ала алады. Қазіргі таңда жүйеде 25 011 пайдаланушы тіркелген,- деп атап өтті Ержан Барышев.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 31 наурызда өткен облыстық мәслихат сессиясында қаңғыбас жануарларды аулау шараларына қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Осыған сәйкес 10 864 қаңғыбас жануарды аулау, 435 жануарды уақытша ұстау, сәйкестендіру, вакцинациялау және стерилизациялау жұмыстарына қаражат бөлінді.