
Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Жаңа спорт кешенінің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы өңірде бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындар үшін қолжетімді спорт инфрақұрылымын қалыптастыруға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.
Off take келісім аясында бой көтерген екі қабатты дене шынықтыру-сауықтыру кешені заманауи талаптарға сай салынған. Жалпы ауданы 1200 шаршы метрді құрайтын нысан бір мезетте 70 адамға дейін қабылдай алады. Бірінші қабатта волейбол, баскетбол және футзал ойындарына арналған әмбебап спорт залы, екінші қабатта қазақша күрес, дзюдо, еркін және грек-рим күресімен айналысуға арналған күрес залдары орналасқан. Кешен тұрғындардың жыл бойы спортпен тұрақты шұғылдануына мүмкіндік береді.
Облыста спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта облыста 20 спорт нысаны салынып жатыр. Жыл басында Семей қаласының Водный кентінде заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар Ақсуат ауданындағы Екпін және Ойшілік ауылдарында спорт модульдері ашылды. Бүгінде Бесқарағай, Жарма аудандары мен Курчатов қаласында жүзу бассейні, Аягөз, Үржар, Абай, Көкпекті аудандарында спорт модулдері бой көтеруде.