
Абай облысының әкімі Берік Уәли Жарма ауданына жұмыс сапары барысында Шар қаласында салынып жатқан жүзу бассейнінің құрылысымен танысты.
Қазіргі таңда нысанда бассейн қабырғаларын бетондау және аумақты қоршау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ауданы 1298 шаршы метрді құрайтын спорт кешенінде ұзындығы 25 метр, ені 10 метр болатын төрт жолақты бассейн, сондай-ақ волейбол және баскетбол алаңдары қарастырылған. Болашақта нысан бір ауысымда 50 адамға дейін қабылдай алады.
Жауапты тұлғалардың айтуынша, жобаны толық аяқтау үшін қосымша қаржы қажет. Осыған байланысты облыс әкімі мердігер ұйымға құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Берік Уәлидің айтуынша, бассейн құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Сонымен қатар өңір басшысы Шар қаласын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.