Семейде БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнир басталды

Семейдегі «Спартак» стадионында БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан белгілі журналист, көрнекті спорт комментаторы Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнир басталды. Жарысқа еліміздің 6 облысы мен 4 қаласынан 12 команда (Qazaqstan tv (Астана қаласы), «Абай облысы» (Абай облысы), Aqmeshit (Қызылорда облысы), Атырау (Атырау облысы), Kazmedia (Астана қаласы), Qareket (Жетісу облысы), «Семей» (Семей қаласы), Сетанта (Алматы қаласы), Тараз Пресс (Жамбыл облысы), Хабар (Астана қаласы), Шымкент (Шымкент қаласы), Bek sport (Астана қаласы) қатысып жатыр.
Амангелді Сейітхан атындағы «Seitkhan cup» республикалық турнирі 2022 жылы басталып, жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Турнир бұған дейін төрт рет Алматы қаласында өтті. Биыл облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен тұңғыш рет тұлғаның туған жерінде тұңғыштар мекені, Алаштың астанасы – Семей қаласында ұйымдастырылып отыр.