
Бүгін жерлестеріміз, әлем чемпиондары Вадим Чебардаков пен Анастасия Беловодова елге оралды.
27 ақпан мен 1 наурыз аралығында Германияның Инцель қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы конькимен жүгіруден әлем чемпионатында Абай облысының спортшылары тарихи жетістікке қол жеткізді.
Атап айтқанда, Вадим Чебардаков масс-старт бәсекесінде 5:29.87 уақыт көрсеткішімен мәреге бірінші болып жетіп, алтын медаль иеленді.
Сонымен қатар, қыздар арасындағы командалық спринт сайысында Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, әлем чемпионы атанды. Құрама сапында өнер көрсеткен Абай облысының спортшысы Анастасия Беловодова командаластарымен бірге ел намысын абыроймен қорғап, алтын жүлдеге қол жеткізді.
Осылайша, Вадим Чебардаков пен Анастасия Беловодова ұлттық құрама сапында еліміздің абыройын асқақтатып, Абай облысының атын халықаралық деңгейде танытты. Бұл – қажырлы еңбек пен табандылықтың, жоғары кәсібиліктің жарқын нәтижесі.