Семейде жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған акция өтті

Семейде жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған акция өтті

Бүгін «Семей» футзал клубы Қазақстан чемпионатының 28-туры аясында оралдық «Бәйтерек» командасын қабылдады.

Тартысты кездесуді көпшілікпен бірге облыс әкімі Берік Уәли тамашалады. Атап өтерлігі, матч барысында облыс жастары жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған акция ұйымдастырды. Оған 5 мыңға жуық адам жиналды.

Матч алдында сөз сөйлеген аймақ басшысы алдағы Конституциялық референдумның маңызына тоқталып, ел дамуы жолындағы құнды стратегиялық құжат екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл – Президенттің соңғы 7 жылда жүргізіп отырған саяси реформаларының логикалық жалғасы. Ал Абай жұртшылығы Мемлекет басшысының саясатын толық қолдайды. 15 наурызда бір кісідей референдумға келіп, жаңа Конституцияға дауыс беруге, қолдауға шақырамын», – деді Берік Уәли.

Аймақ басшысы «Семей» футзал клубының ел спортына қосып жүрген үлесі зор екенін айтты.

«Семей» мен «Бәйтерек» командалары арасындағы кездесу тартысты өтті. Жергілікті клуб 3:1 есебімен жеңіске жетті.