Заң мен тәртіп: Абай облысында «Агрессиясыз спорт» тақырыбында кездесу өтті

Заң мен тәртіп: Абай облысында «Агрессиясыз спорт» тақырыбында кездесу өтті

Іс-шараның мақсаты – спорт саласында заңдылықты сақтау, агрессия мен құқықбұзушылықтың алдын алу, адал бәсеке мен этикалық қағидаттарды насихаттау, сондай-ақ жастар арасында заң мен тәртіпке деген құрметті арттыру.

 Шараға Семей қаласының прокуратура бөлімінің бастығы Аманжол Рымбеков, Абай облысы мәслихатының депутаты Нұрлан Қойжайғанов және «Дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері» КММ провизор-фармацевті Зухра Искакова қатысып, өз бағыттары бойынша мазмұнды баяндамалар жасады.

 Кездесу барысында Семей қаласының прокуратура бөлімінің бастығы Аманжол Рымбеков спорт саласындағы заң талаптарының сақталуы, құқықбұзушылықтардың алдын алу және профилактикалық жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, агрессия мен тәртіп бұзушылықтардың алдын алу ең алдымен жүйелі түсіндіру жұмыстары арқылы жүзеге асырылуға тиіс.

– Заң мен тәртіптің сақталуы - спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, сондай-ақ әділ әрі ашық бәсекені қалыптастырудың негізгі тетігі. Біз спорт ұйымдарымен бірлесіп, құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды күшейтіп келеміз, – деді спикер.

 «Дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері» КММ провизор-фармацевті Зухра Искакова «Заңды спорт – таза жеңіс» баяндамасында спортшылардың денсаулығын қорғау мен допингтің алдын алу мәселелеріне тоқталды.

– Заңды спортты қалыптастырудың басты жолы – медициналық бақылау мен профилактикалық жұмыстарды күшейту. Біз спортшылар арасында тыйым салынған препараттардың алдын алу мақсатында тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыруға басымдық беріп келеміз, – деп атап өтті Зухра Искакова.

 Кездесу барысында қатысушылар сұрақтар қойып, спорттағы агрессияны болдырмау, заң талаптарын сақтау және алдын алу шараларын күшейту мәселелері кеңінен талқыланды.