2025 жылғы 22 тамыз күні Абай облысының Олимпиадалық резервін дайындау орталығы КММ-нің ұйымдастыруымен Бейбітшілік аралында орналасқан Этноауылда «Спорт – есірткіге қарсы!» ұранымен ашық аспан астында спорттық іс-шара өткізілді. Шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, есірткі заттарының зияны туралы түсінік қалыптастыру, сонымен қатар спортпен шұғылдануға ынталандыру болды.
Іс-шараға арнайы қонақ ретінде Абай облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Гаухар Серікқызы Еспаева қатысты. Ол жастарға есірткінің адам денсаулығына, психикасына және болашағына тигізетін зияны туралы жан-жақты ақпарат беріп, құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы атқарып жатқан жұмыстары жайында айтып өтті.
Сонымен қатар, облысымыздың дзюдо, қазақ күресі және самбо спорт түрлерінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше мәрте ел намысын қорғаған Ерасыл Жанарбекұлы Қажыбаев та іс-шараның мәртебелі мейманы ретінде қатысып, жас спортшыларға өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол есірткі мен зиянды әдеттерден аулақ болып, спорт арқылы биік жетістіктерге жетуге болатынын ерекше атап өтті.
Іс-шара аясында спортшылар арасында түрлі жарыстар ұйымдастырылып, өзара мықтыны анықтады. Қатысушылардың барлығы белсенділік танытып, жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы грамоталармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.