2025 жылдың 21–30 шілде аралығында Чехияның Пардубице қаласында тоғызқұмалақтан 21 жасқа дейінгі жастар арасында Әлем чемпионаты өтті.
Халықаралық додада жерлесіміз, тоғызқұмалақтан Қазақстан құрамасының мүшесі Исахан Аяна қола жүлдеге ие болды.
Аяна 31 шілдеде туған қаласы Семейге оралды. Оны теміржол вокзалында туған-туыстары, ұстаздары мен жаттықтырушысы, сондай-ақ жергілікті спорт мектебінің өкілдері жылы қарсы алды.
Аянаның жаттықтырушысы — Жарас Ілиясұлы Исаханов, ол спортшының кәсіби деңгейге жетуіне зор үлес қосты. Аяна тоғызқұмалақты 6 жасынан бастап ойнап келеді, 13 жасында спорт шеберлігіне кандидат, 15 жасында Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алды. 2023 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында рапид бойынша алтын, блиц бойынша күміс медаль иеленді.
Аяна — еліміздің абыройын асқақтатып, тоғызқұмалақ спортының дамуына үлес қосып келе жатқан дарынды жастардың бірі. Бұл жеңіс — тек жеке жетістік емес, бүкіл еліміздің, облысымыздың ортақ мақтанышы.
Аянаға жаңа белестер мен биік жеңістер тілейміз!