Абайдың 180 жылдығы аясында Семей мен Қарауыл бағытында 180 шақырымдық ультрамарафон өтеді

Абайдың 180 жылдығы аясында Семей мен Қарауыл бағытында 180 шақырымдық ультрамарафон өтеді

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Абай облысында ұлттық рухты ұлықтап, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бірқатар спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл жөнінде Абай облысы олимпиадалық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Мұхит Тұрсынов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, 4 тамыз күні Семей қаласында күштік экстрим бойынша «Семей батыры» атты ашық турнир өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, 3–6 тамыз аралығында қазақ күресінен Қазақстан Республикасы Кубогының жеңімпаздары анықталады. Ал 7 тамыз күні Абай жолына тағзым ретінде Семей мен Қарауыл бағыты бойынша 180 шақырымдық ультрамарафон ұйымдастырылып, ұлттық мұра мен тарихи жадыға құрмет көрсетілетін болады.

Мерейтой аясындағы маңызды спорттық іс-шаралардың бірі – 7–10 тамыз күндері Абай ауданының Қарауыл ауылында өтетін «Жеті қазына» жобасы болмақ. Бұл туралы бұған дейін өткен баспасөз мәслихатында Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов та атап өткен болатын.

– Ауқымды бағдарламада дәстүрлі садақ ату, құсбегілік, тазы жарысы, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және ат спорты ойындарының бірнеше түрлері қамтылған. Жарыстар жорға жарысы, топ бәйге, аламан бәйге секілді ат спортын, сондай-ақ қазақ күресінің «Өгіз палуан» (74 кг дейінгі салмақ) және «Түйе палуан» (90 кг-нан жоғары салмақ) санаттарын қамтиды, – деп атап өтті спикер.