Абай облысының халқын әлеуметтік қолдау

Абай облысының халқын әлеуметтік қолдау

Мұқтаж жандарды әлеуметтік қолдау: Абай облысында отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі адамдар мен ардагерлерге көрсетілетін көмек:

Отбасыларды қиын өмірлік жағдайдан шығаруға бағытталған қадамдардың бірі — мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету. 2025 жылы атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге 36 371 адамға 6,2 млрд теңге қарастырылған.

Жыл басынан бері 2 043 отбасы (10 443 адам) 419,1 млн теңгеден астам сомаға атаулы әлеуметтік көмек алды.

Келесі бір бағыт — азаматтардың жекелеген санаттарына (басқа мемлекеттердің аумағындағы ҰОС және ұрыс қимылдарының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, ЧАЭС-тегі апатты жоюға қатысушылар, көп балалы аналар, мүгедектігі бар адамдар (18 жасқа дейінгі балаларды қоса алғанда), сондай-ақ саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар) мерекелік және атаулы күндерге бір реттік төлем түрінде әлеуметтік көмек көрсету.

Биыл біржолғы төлемдердің мөлшері орта есеппен 2 есеге ұлғайды. 2025 жылы әлеуметтік көмекпен 1 млрд теңгеден астам сомаға 27,1 мың азамат қамтылатын болады.

Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға психологиялық, заңгерлік және ақпараттық көмек көрсету үшін Отбасын қолдаудың 3 орталығы (Семей, Курчатов, Бородулиха ауданы) құрылды. 2025 жылы Абай және Бесқарағай аудандарында Отбасын қолдау орталықтарын ашу жоспарланған.

Сонымен қатар, өңірде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары да жүзеге асырылып жатыр.

Абай облысында 24,0 мың мүгедектігі бар адам, оның ішінде 2,9 мың ерекше қажеттіліктері бар бала тұрады.

Мүгедектігі бар адамдардың елдің әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріне толыққанды қатысуы үшін техникалық құралдар мен оңалту қызметтері ұсынылады, осы мақсаттарға 2025 жылы 3,7 млрд. теңге бөлінді. 2025 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мұқтаждардың жалпы санынан 5 287 мүгедектігі бар адам (7955) қамтамасыз етілді.

Мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық өмірге толыққанды қатысуын қамтамасыз ету үшін қолжетімді инфрақұрылым құру маңызды аспект. 2021-2027 жылдар аралығында 1251 нысанды бейімдеу жоспарланған, оның ішінде 655 нысан немесе жалпы жоспардың 52,3% бейімделген. 2025 жылы 206 нысан бейімделеді.