Семей әкімдігінде өткен кеңейтілген аппарат жиынында қала әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті. Жиынға бөлім басшылары мен мердігер мекемелердің өкілдері қатысты.
Кездесуде қатты жел салдарынан болған зақымдарды жою, сынған ағаштар мен қоқысты жедел шығару, сондай-ақ қала тазалығын жақсарту мәселелері талқыланды.
«Қатты жел кезінде ағаштар құлап, жол белгілері мен бірқатар нысандар бүлінді. Бұл – тек материалдық шығын ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жайт. Сондықтан барлық жауапты қызметтер шұғыл әрі үйлесімді әрекет етуі қажет», – деді Бекжан Бапышев.
Қазір қала аумағындағы рұқсат етілмеген қоқыс орындарын тазарту жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай мердігер мекемелерге жұмыс қарқынын арттыру тапсырылды. Ал қала әкімінің инспекторларына тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоқысты тек белгіленген орындарға тастау қажеттігін жеткізу міндеттелді.
«Қала – бәрімізге ортақ үй. Оны таза ұстау – әрбіріміздің азаматтық парызымыз», – деп түйіндеді Бекжан Бапышев.