«Жұлдызым оңымнан туыпты» тарихи драмасы сахналанды

«Жұлдызым оңымнан туыпты» тарихи драмасы сахналанды

Қалалық мәдениет сарайында Болат Қамзиннің режиссерлігімен Шаймардан Қалиақпаровтың «Жұлдызым оңымнан туыпты» тарихи драмасы сахналанып, тұсаукесері өтті. Көрермендер қатарында қала әкімінің орынбасары Қуаныш Әбілдаев, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары табылды.

Аталған қойылым Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды. Туындыда ел басына күн туған кезеңдегі халықтың ерлігі, отансүйгіштігі және рухани беріктігі көркем бейнеленген. Әр кейіпкер арқылы соғыс жылдарындағы шынайы шындық, үміт пен сенім, халқымыздың қайсар мінезі терең ашыла түскендей. Қуаныш Әбілдаев қойылым соңында автор Шаймардан Қалиақпаровқа, режиссер Болат Қамзинге және қалалық мәдениет сарайының ұжымына шынайы алғысын білдірді.

«Осындай туындылар – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің, елін, жерін сүюге үндейтін маңызды рухани құрал. Біз бейбіт өмірдің қадірін ұғынып, оны сыйлап жеткізген батырларымыздың ерлігін ұмытпауымыз керек», – деді қала әкімінің орынбасары.

Қойылым көрермендер тарапынан жылы ықыласқа ие болып, халықтың тарихи жадын жаңғыртуға үлкен үлес қосты.