Биыл Абай облысында, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы өңірдегі 10 теміржол вокзалын жаңғыртуды жоспарлап отыр.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, Семей қаласының теміржол вокзалына толық жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
«Семейдегі вокзал ғимаратына күрделі жөндеу жасалып, инженерлік желілер ауыстырылады, аумақ абаттандырылады. Сонымен қатар ғимараттың тарихи келбеті сақталады — өңірдің сәулеттік ерекшеліктері ескеріледі. Қазіргі таңда мердігер ұйымдар анықталып, дайындық жұмыстары жүргізілуде», — деді басқарма басшысы Асхат Есеев.
Көлік министрлігінің мәліметінше, еліміз бойынша жалпы саны 120 теміржол вокзалына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.