Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев Мұрат және Бобровка саяжайларының тұрғындарымен кездесу өткізді. Басқосу барысында тұрғындар өзекті мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, электр желілерін жаңарту, ауызсу мәселесін шешу, жолдарды жөндеу, балалар ойын алаңдарын орнату, қоғамдық көлікпен қамту және аумақты абаттандыру сынды бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.
Бүгінде екі саяжайда 6000-нан астам азамат тұрады. Осыған байланысты тұрғындар көтерген мәселелердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, нақты жауаптар берілді.
«Әр тұрғынның мәселесі біз үшін маңызды. Саяжай тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін барлық қажетті жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылады. Бастысы — бірлесіп, нәтижеге қол жеткізу», - деді Бекжан Бапышев.
Кездесу нәтижесінде тиісті бөлім басшылары мен мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктелді. Осыған дейін Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев Мұрат саяжайына барып, ауызсу мәселесі жөнінде көшпелі кеңес өткізген еді.