Семей қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты шара қалалық Мәдениет сарайында ұйымдастырылды. Іс-шара аясында мерекелік концерт қойылып, сала мамандарына құрмет көрсетілді. Қала әкімінің орынбасары Қуаныш Әбілдаев тұрғын үй-коммуналдық сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қаланың күнделікті тіршілігін қамтамасыз етудегі еңбегіне алғысын білдірді.
Салтанатты шара барысында салада ұзақ жылдар еңбек етіп, өз қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлерге қала әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.